|
Бала тәрбиесі- баршаның ісі
Алматы облысы Ескелді ауданы Мектепке дейінгі шағын орталықты Жетісу орта мектебі Бастауыш сынып мұғалімі Искакова Күләйхан Қазтайқызы Бала тәрбиесі- баршаның ісі Ұстаз болу- жүректің батырлығы, Ұстаз болу- сезімнің ақындығы. Ұстаз болу- мінездің күн шуағы, Азбайтұғын адамның ақылдығы. Ғ. Қайырбеков Қоғам дамуының негізгі қайнар көзі- білім. Ұстаздың дербес ерекшелігі, тұлғасы туралы мәселені тіпті ежелгі философтар Антисофей, Климент Александрийский, Әбу-Насыр-әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн қарастырған. Әл-Фараби ұстаз қызметінің мақсаты- балаға бақытқа жетудің жолын табуға көмектесу деп есептеді. Данышпан философ білім беруде ең маңызды адамдық сапаларды- аяушылық, төзімділік, имандылық, әдептілік, қайырымдылық, мейірімділік сияқты қасиеттерді меңгерте отырып оқытуды дұрыс деп есептеді. Атақты ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының «Мұғалімнің қызметі- оның білімінің, шеберлігінің керек орны өздігінен алатын тәжірибелі білімнің ұзақ жолы қысқару үшін, ол жолдан балалар қиналмай оқу үшін, керек білімін кешікпей кезінде алып отыру үшін, балаға жұмысты әліне шағындап беру мен бетін белгілеген мақсатқа түзеп отыру.... Мектептің жаны- мұғалім. Мұғалімі қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы. Яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы»,- деген сөзіне лайық білікті ұстаздар жаңашылдықпен қызмет атқаруы тиіс. Білім беру жүйесінде жаңа заман ұстазының баланы оқыту мен тәрбиелеудегі рөлі: 1. Ұстаз- көңіл- күйді қолдау әрекетінде- әңгімелесуші 2. Ұстаз- зерттеуші 3. Ұстаз- фасилитаторлық қызметтің дамуына жағдай жасаушы 4. Ұстаз- сарапшы 5. Ұстаз- жаттықтырушы-тьютор Жаңа заман ұстазы- рухани дамыған, кәсіби іскерлікке, рефлексияға, жаңа ұмтылыстарға қабілетті, педагогикалық талантты шығармашыл тұлға. Әрбір ұстаз өзімен мақсатты бағытты жағдайда жұмыс істесе педагогикалық шеберлікті меңгеруіне болады. Кәсіби шеберлік практикалық тәжірибе негізінде қалыптасады. Бірақ кез келген тәжірибе кәсіби шеберліктің көзі бола алмайды. Технологиялық іс- әрекеті мен мақсаты, мәні жағынан қарастырғанда кәсіби шеберліктің көзі тек еңбек болып табылады. Ұстаздық шеберлік- ұстаздың кәсіби құзырлығы мен жеке-іскерлік сапасының құймасы. Мұғалім нақты тақырыпты жоспарлау барысында оқушы білімінің барлық жүйесін және бірнеше жылдан кейін мақсатына жетуінің нәтижесін ескеруі тиіс. Өз пәнінің шеберінің басқалардан айырмашылығы- жақын мен алысты ескере отырып іс-әрекетті дұрыс құрылымдай алады. Мен қызмет істейтін білім ордасының тарихы бай. Жылдар өткен сайын мектептің материалдық-техникалық базасы нығайып, оқушылар қатары да молая түсуде. Жетісу орта мектебі ұстаздарының да қуанышы, мерейі- түлектері. Бастауын сонау 1929 жылғы шағын мектептен алған бұл білім ордасы 80 жыл аралығында сан мыңдаған шәкірт санасына білім мен тәрбие нәрін ұялатып, оларды өрелі, өрісті түлек ретінде қанаттандырып отырған білім ордасы. Нақты мәліметтерге жүгінетін болсақ, орта мектеп дәрежесіне ие бол-ған 1956 жылдан бері мектеп қабырғасынан 4000-ға жуық шәкірт түлеп ұшыпты. Солардың ішінде Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі мен өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген абыройлы да, есімдері белгілі білім шаңырағымыздың түлеп ұшқан шәкірттері. Зерделі де өрелі, талапты да еңбекқор шәкірт- ұстаздар мақтанышы, ұстаз абыройы. Мақтар түлегің, мақтанар шәкіртің болса, ұстаз үшін бақыттың да үлкені сол болса керек. Жетісу орта мектебін, білім ордасын ғалымдар ұясы, талаптыларды қанағаттандырған ұлағат ұясы деп мақтан етемін. Әр тұста, әр салада жүрген шәкірттерімен білім ордасы мақтан тұтады. Олардың ішінде академик, ғылым докторлары, профессорлар, ғылыми кандидаттар, ақындар, әншілерді айтып мақтануымызға болады. Жетісу орта мектебінің абыройы мен беделін көтерген сол ғалымдарымыз жайлы зор ілтипатпен сөз етуіміз керек. Еділ Ерғожин-ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, «Алтын адам- Жыл адамы», «Тарлан» сыйлықтарының иегері. Немеребай Нұрахметов-химия ғылымдарының докторы, академик, профессор. Ол үлкен ғылыми мектептің қабырғасын қалағандардың бірі. Ибрагим Туғанбаев- техника ғылымының докторы, профессор. Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаев-Қазақстанның мемлекеттік қайраткері, заң ғылымының докторы, профессор, Республикалық Қоғамдық Бірлестік "Әділет"демократиялық партиясының төрағасы, жоғары санатты судья. Қазақстан Республикасының бас прокуроры (1995-1996), Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының төрағасы (1996-2000), Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Кеңесінің мүшесі, 2007 жылдан –ҚР парламент Мәжілісінде Қоғамдық палата кеңесінің мүшесі Кеңес Шыныбайұлы Исанов -ішкі істер полковнигі, медицина ғылымының кандидаты, профессор, гуманитарлық ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі. Өмірәлі Қопабаев- Қонаев атындағы университеттің ректоры, заң ғылымының докторы, профессор. Нұрлан Онжанов- Германия Федеративтік Республикасында Қазақстан Республикасының елшісі, Дания Корольдігінде төтенше және өкілетті елші қызметін атқарушы. Жетісу орта мектебі ақын, жазушы, журналистердің де ұшқан ұясы. Олар- Жұматай Жақыпбаев, Ораз Исмайылов, Ұзақбай Доспанбетов, Күнсая Оспанова, Сайлаубай Тойлыбаев, Құлахмет Ыдырысов, Әбдіқадыр Алашбаев, Ырым Кененбаев және басқалар. Ұлағат ұясы атанған Жетісу орта мектебін басқарған директорлар Үмітбек Бақанбаев, Мәтіш Рысбекова, Керімбай Балабеков, Балапан Әрінова, Нұртілеу Әбеуов, Жебеген Оңалбаев, Сағынбай Мұратбеков, Қадыр Жанаханов, Қанат Құдияров және Тұрсынбаева Оразгүл Нұртайқызы сынды азаматтарды айтпауға мүмкін емес. Ұлағатты ұстаздар: Сапиян Валиев, Әлмұрат Баймұханбетов, Қамаш Төпбаева, Клара Күзенбаева, Рахымбай Шакиров, Кәкімсейіт Есболатов, Сапи Шаймерденов, Байсағат Шаяхметов, Маулен Сембаев, Әлфия Сембаева, Гүлжауһар Битуева, Сағынай Бағашев, Ізтай Асқарова, Тасболат Сағадиев, Қайыңбай Ошақбаев, Бекберген Дәуренбеков, Таскира Боранқұлова, Нұрғамила Естібаева, Рауза Шакирова, Дәмелі Бөлекеева, Нүрилә Тұрғанбаева, Бөлеген Битуев, Касенова Дүйсетай, Рая Сәдібекова, Рауза Шакирова, Ғалым Қарабеков дәріс берген білім ордасында оқып, егеменді Қазақстанымның болашақ ұрпақтарын білім нәрімен сусындырып жүргеніме өзімді бақытты санаймын. Өнегелі де өрелі Андасбаева Қарлығаш, Елеусізова Асылжан, Молбаева Ұлтай, Сатанова Зәмзәгүл сияқты ұстаздардың игілікті істері оқушы санасына білім нәрін ұялата білетіндерімен қадірлі. Жоғарыда айтылған жайларға қарағанда, мектептің түлегіне, түлектің мектебіне қаншалықты ықласты ниетте екендігін аңғартса керек. Сүйсінер шәкірт, мақтанар түлек – ұстаз бақыты, мектеп мерейі деген осы,- деп ойлаймын. «Бала тәрбиесі- баршаның ісі» деген қағиданы ешбір ата-ана, ұстаз, қоғам естен шығармауы тиіс.
|
Категория: Статьи | Добавил: Тананда (17.01.2015)
| Автор: Искакова Күләйхан Қазтайқызы E
|
Просмотров: 1119
| Рейтинг: 0.0/0 |
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи. [ Регистрация | Вход ]
|
|
|