ОРЫС МЕКТЕБІНДЕ
ҚАЗАҚ ТІЛІН ДАМЫТУ ӘДІСТЕРІ
Алимкулова Шолпан Орынтаевна
қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі
бірінші санат
Теміртау қаласы №7 орта мектеп
тел. 8 700 494 39 40
Мектепте тіл дамытудың мақсаты - өзге тілді ұлттың өз ойын қазақ тілінде ауызша не жазбаша түрде жеткізе білуге, қазақ тіліндегі сөзді түсінуге үйрету. Орыс тілді сыныптарда оқушылардың ауызша сөйлеу мәдениетін дамыту- басты назарда.
Орыс тілді сыныптарда тіл дамытуға келесі талаптар қойылады: дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру; орфоэпиялық ережелердің сақталуы; сөздерді қисынды байланыстырып сөйлем құрастыру.
Орыс тілді сыныптарда ауызша тіл дамыту жұмыстарына баса назар аударылады. Оқушының ауызша жауабын тыңдап, қателерін айқындап, оларды жою мақсатында түрлі жұмыстар жүргізуі тиіс. Әсіресе, мәтін мазмұнын қысқаша әңгімелеу, ауызша жоспар жасату, сөйлем құрастыру, әйгілі адамдардың өмірі мен шығармашылығы туралы ауызша немесе жазбаша әңгімелеу, т.б. жұмыс түрлерін жүргізіп отыру қажет.
Оқушының сөздік қорын дамыту, грамматикалық дағдыларды қалыптастыру, дыбыстарды дұрыс айта білу, сөз тіркесін құрастыру қабілеттерін дамыту – байланыстырып сөйлеуге үйретудің шарты.
Балалардың сөйлеу дағдысын қалыптастыру арқылы дұрыс жазу дағдысын меңгеріледі. Қазақ тілінде сөйлеуге үйретуді тілімізге тән дыбыстарды меңгертуден бастаған жөн. Тілге тән дыбыстарды жекелей айтқызу арқылы сөз құрамындағы осы дыбыстардың дұрыс айтылуын қадағалаймыз. Қазақ тіліне тән дыбыстарды өткенде жаңа сөздерді меңгертіп отырамыз.
Дұрыс сөйлеуге үйретудің басты шарты – үндестік заңын меңгерту. Өзара тіркесу заңдылықтарын, сөздердің байланысу жолдарын білмей тұрып, сөйлем құрату мүмкін емес.
Оқушылардың қазақ тілін меңгеруі үшін келесі жұмыстар тиімді болып табылады:
1. Сабақта сұрақ-жауап әдісін жиі қолдану.
2. Мәтінмен жұмыс.
- мәнерлеп оқыту;
- қиын сөздердің мағынасын түсіндіру;
- жаңа сөздерді іздеу, айтылуын, жазылуын, мағынасын меңгерту;
- сұрақтар қойып, жауап алу;
- тақырып қою;
- мәтін бойынша жоспар құру;
- мазмұнын әңгімелету;
- мазмұны бойынша оқушыларға сұрақ дайындату, т.б.
- Жаттығу жұмысы. Сыныпта орындалатын жаттығулар алуан түрлі. Әсіресе, түсірілген сөздерді табу, сөйлемдерді өзгерту, аяқтау, кеңейту, қысқарту, сурет бойынша әңгіме құрастыру, толықтыру, т.б. жаттығу жұмыстарын жүргізу. Оқушылар грамматикалық материалды меңгеруі, сөйлеу кезінде дұрыс қолдану ережелерін білуі қажет. Берілген сөздерден сөйлем құрату, әр сөздің мағынасын орысша, қазақша түсіндіру, дәптерге, тақтаға жаздыру жұмыстары жүргізіледі.
- Қайталау. Меңгерген сөздерді көбірек қайталату, сөйлетіп жаттықтыра беру қажет. Сөздерді жиі қайталату - сол сөзді ұмытпау үшін керек.
- Мәнерлеп оқу немесе жаттау. Мәнерлеп оқыту тілді меңгеруге көмегін тигізеді. Өлеңдер, жұмбақтар мен мақал-мәтелдер , т.б. жаттатудың да маңызы зор.
- Жаңа сөздермен жұмыстың орны ерекше. Оқушы әр сабақта белгілі мөлшерде жаңа сөздерді меңгеруі тиіс.
Тілді белсенді меңгеру үшін ауызекі сөйлеу тілінде игерген сөздерді қолдануы керек. Сөздерді жеке дара емес, тақырып бойынша қолдануға мүмкіндік жасалуы қажет.
Жүйелі сөздік қорды игеру тақырыптың дұрыс таңдауға байланысты. Тиісті сөздерді тиімді, ұтымды пайдалану - басқа ұлт өкілдерінің сөздік қорын арттырып, бір-бірімен қазақ тілінде сұхбаттасуына мол мүмкіндік береді.
Сөздердің тура және ауыспалы мағынасын, көп мағыналы сөздерді, омоноим, синоним, антоним сөздерді меңгерту олардың қазақша сөйлеу тілінің қалыптасуына, өз ойларын нақты, жүйелі, әсерлі жеткізе білуіне ықпалын тигізеді.
Білім беру саласындағы маңызды өзгерістер елімізде қазақ тілін сауатты меңгерген, білікті мамандарға деген қажетттілік туғызып отыр. Сол себепті тіл меңгерудің формаларын және әдістерін үнемі жетілдіріп отыру қажеттігі артуда.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Маманов Ы. Орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту. Алматы, 1980
2. Текучев А.В. Методика преподавание русского языка. М., 1980
3. Байтұрсынұлы А.Тіл тағылымы. Алматы, 1989
|